Психолог Мира Құдабаева кейінгі жылдары қазақ қоғамының келбеті едәуір өзгеріске ұшырағанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Оның айтуынша, ТМД елдерінде әлеуметтік желіге деген тәуелділік қатты байқалатын көрінеді.

”Біз тәртіпсіз, сауатсыз, мәдениетсіз халыққа айналып бара жатырмыз. 15 жылдың көлемінде балалармен кәсіби деңгейде жұмыс істеймін. Көріп жүрген көрінісім осы болып жатыр. Жыл сайын қоғамның келбеті өзгеріп жатыр. Дамыған қоғам дамыған, еркін баладан басталады. Біз тәртіпсіз, сауатсыз, мәдениетсіз халыққа айналып бара жатқанымыздың әртүрлі себептері бар. Бірінішісі — қазақ қазаққа сын тағуға құштар. Негативті іс-әрекетімізді біз сондаймыз деп жаба саламыз. Шындығында, біз ондай емеспіз. Тарихымызға, генетикамызға үңілсек, қазақ мықты халық. Әрбір қазақтың баласы — Димаш. Димаш бізде біреу емес. Бірақ, біз кішкентай кездерінен бастап тәртіпті қалыптастырмаймыз. Еркіндік деген ұғымды басқаша түсінеміз. Оған біз өмір сүрген қоғамдағы жағдайлар әсер етті. Біз отырықшылыққа енді бейімделіп келе жатқан халықпыз. Тарих жағынан 100-200 жыл өте аз уақыт. Қазақ бейімделу интеллекті өте жоғары халық. Мәдениетті болу — адамның сауаттылығының көрінісі. Ал, сауатты болу үшін тәртіп керек. Біз реттілігін білмей қалдық. Кеңес дәуірі кеткеннен кейін халық 30 жыл абдырап қалды. Ал, қазір адамзат баласының тарихында болмаған цифрлық әлем пайда болды. Ол әлі де отырықшы ұлт ретінде қалыптаспаған біздің психикамызға әсер етіп жатыр. Байқасаңыздар, басқа елдерде дәл біздегідей әлеуметтік желіге тәуелділік жоқ. Тәуелділік ТМД кеңістігінде қатты байқалады”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол қазақ қоғамында демалу мәдениеті жоқ екенін де жасырмады.

”2011 жылдан бастап кәсіби деңгейде балалар лагерінің қабырғасында жұмыс істеймін. Баланы мектепте не болмаса шығармашылық үйірмеге алып барсақ, онда академиялық білім беру, шығармашылық машықтандыру секілді мақсат болады. Ал лагерде мақсат жоқ. Демалыс үлкен мәдениет екенін түсіндім. Лагерь ашылған алғашқы 5 жылда тұтынушылардың да, мамандардың да 85% орыс тілділер болды. Сол кезде мен неге қазақтың баласын демалысқа жібермейді деген сұраққа жауап іздедім. Келсе де пкәсіподақтар, мектептің тарапынан қолдаушы болып келіп қалмаса, қазақ тілді қоғам жолдама сатып алып, баласын лагерге жібермейді. Түсінгенім, бізде демалу мәдениеті жоқ екен. Ата апаларымыз, әке шешеміз демалған жоқ. Олардың демалатын уақыты болған жоқ. Қазақ қоғамында мен бәленбай жыл еңбек демалысында болмай жұмыс істедім деп мақтанып айтатындар бар. Ол — мақтанатын нәрсе емес. Ол — өзіңді сыйлай алмайсың, бағаламайсың деген сөз. Қазақ баласында демалудан бөлек, тамақтану мәдениеті, білім алу мәдениеті де жоқ”, — дейді ол.