Instagram-дағы жазбасында балағат сөз қолданған Атырау қаласының тұрғыны сотталды. Оған 15 тәулікке қамауға алу түрінде жаза тағайындалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атырау қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ұсақ бұзақылық бабы бойынша іс қаралды.
"2025 жылғы 12 маусымда азамат М. Instagram-дағы парақшасында балағат сөздер жазып, өзінің айналасындағыларға құрметпен қарамауды білдіретін ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды", делінген сот хабарламасында.
Сот құқық бұзушыға әкімшілік жаза қолдану барысында оның кінәсін мойындап, әрекетіне өкінуін оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Сот қаулысымен М. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін соттарда аудио және бейнежазба құралдарын қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілгені хабарланған.