2025 жылғы 12 маусымда апатқа ұшыраған Air India рейсіне кездейсоқ түрде отырмай қалған тағы бір адам тірі қалды, деп хабарлайды Zakon .kz.
Ұлыбританияның 31 жастағы тұрғыны Оуэн Джексон іс-сапармен Үндістанда жүрген және сол күні дәл осы рейспен еліне қайтуы керек болған. Алайда әріптестері оны сенбіге дейін қалуын өтініпті, себебі колл-орталық қызметкерлерімен жұмыс күткеннен ұзағырақ уақытты қажет еткен.
Сөйтіп, Оуэн сол бағыттағы рейсін сенбіге ауыстырған.
Таңғаларлық сәйкестік — бастапқыда Оуэнге апаттан тірі қалған жалғыз жолаушы – Вишваш Кумар Рамеш отырған 11A орны тағайындалған екен.
"Бұл – шок. Мұндай таңғаларлық сәйкестікті естігенде жүрегің зырқ ете түседі. Ұшақ апаттары туралы анда-санда естіп жатасың, бірақ оған аса мән бермейтінмін. Ал сол бортта өзің де болуың керек болғанын түсінгенде, дүниеге көзқарасың өзгереді. Ең бастысы – мен сол сәтте дұрыс шешім қабылдағаныма шын жүректен ризамын", – дейді Оуэн The Sun газетіне берген сұхбатында.
Апат туралы жаңалық шыққанда, Оуэннің отбасы оның нақты қай күні ұшатынын білмеген. 30 жастағы әйелі Филиппа екі сағат бойы күйеуінің тірі екеніне көз жеткізе алмай әуре болған, өйткені ол рейсінің өзгергені туралы айтпаған.
"Мен апат туралы соңғылардың бірі болып білдім – ол кезде жиналыста едім. Жаңалық таралған сәтте телефонымды бірнеше сағат тексермеген едім", – дейді Оуэн.
Оуэннің әйелі Филиппа бұл сәттерді "қорқынышты түс" ретінде сипаттайды.
"Өзімді қайта-қайта шымшылап, бұл шынымен болып жатқанына сене алмадым. Балалармен жұмыс істейтіндіктен, эмоциямды жасыруға тырыстым, олар ештеңе байқамасын деп. Қазірге дейін есімді жия алмай жүрмін. Бірнеше күн бойы себепсіз жылай бердім. Әрине, біздің бастан өткергеніміз апатта қаза тапқандардың отбасыларына қарағанда түк емес. Жүрегім солармен бірге", – деп бөлісті Филиппа.
Апаттан аман қалғандардың тағы бірі Үндістанға демалысқа барған Бхуми Чаухан есімді Бристольде оқитын студент. Ол рейске 10 минутқа кешігіп, ұшаққа үлгермей қалған. Оның орны эконом-кластағы 36G болған.
Ұшақ Үндістанның батысындағы Ахмедабад қаласы әуежайы маңында дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлап түсті. Бортта 242 адам болған, оның ішінде 13 бала, сондай-ақ екі ұшқыш пен 10 бортсерік бар еді.
Апаттан тек бір адам — 40 жастағы Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш тірі қалған. Ол апатты шығу есігінің жанындағы орында отырған. Вишваш Үндістандағы отбасын бауырымен бірге барып көріп, Лондонға қайтып бара жатқан болатын.