Астаналық оқушы Ілияс Қазымбек Еуропаның үздік физигі атанды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 17 маусымда Болгария астанасы София қаласында Еуропалық физика олимпиадасы (EuPhO-2025) өз мәресіне жетті. Биылғы зияткерлік додаға 39 елден 200-ден астам жас физик қатысқан.

Қазақстан құрамасы бұл жарыста тамаша нәтиже көрсеткен, ел намысын қорғаған бес оқушының барлығы жүлдегерлер қатарынан көрінген.

Ал Астана қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Ілияс Қазымбек олимпиаданың абсолют жеңімпазы болып танылған. Ол олимпиаданың алтын медалін иленген.

Астанадағы РФММ-нің тағы бір 10-сынып оқушысы Алтаир Аканов пен Алматы қаласындағы Miras халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Роман Черемнов күміс медаль, Nurorda халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы Даниэль Тюлюбаев қола медаль алған.

Ал Қостанай облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр құрмет грамотасын иеленген.

Команданы халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, тәжірибелі тәлімгерлер – Андрей Сидоренко мен Темірлан Исмагұлов дайындаған.

EuPhO – мектеп оқушыларына арналған беделді халықаралық зияткерлік сайыс. 2024 жылы Қазақстан құрамасы аталған олимпиадада 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған.