Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің "Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын" құру бастамасына жоғары баға берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның пікірінше, бұл теңқұқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Мемлекет басшысы аталған ұстанымдар бүгінгі Саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын "Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта" көрініс табатынына сенім білдірді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық мекені болғанын қалайды. Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай Президент салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.
Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды
Мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.
"Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. "Қазақстандағы Қытай туризмі жылына" орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды "Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы" деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.