Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы жанармай құю бекетінде полицей жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полицияның мәліметінше, оқиға 10 мамырда болған.

Қызметтік аумағын бақылау барысында патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды жанармай бекетінде отқа оранған ГАЗель автокөлігін байқап қалады. Жағдайдың шұғыл әрі қауіпті екенін түсінген полицей сол сәтте-ақ жақын маңдағы екі азаматпен бірге жалынды сөндіруге кіріседі. Олардың шапшаң әрі үйлесімді іс-әрекетінің арқасында өрт дер кезінде ауыздықталды.

"Оқиға орнында жедел әрекет болмағанда, алапат өрт жанармай сақталған резервуарларға жетіп, орны толмас шығынға әкелуі мүмкін еді", — делінген хабарламада.

Куәгерлердің айтуынша, полицейдің батылдығы мен кәсіби біліктілігі үлкен қауіптің алдын алуға сеп болды.

Полиция департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі мен жолда абай болуды, ережелерді қатаң сақтауды ескертті.