Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайдың байыбына тоқталып, барлық жекеменшік мектеп жабылмайтынын айтты.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев елімізде жеке меншік мектептердің жаппай жабылатыны жөнінде тараған ақпаратқа алаңдаушылық білдірді.
"Елімізде 300 мыңнан астам оқушы білім алатын 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар. Қазір олардың мемлекеттік тапсырыстан айырылатыны жөнінде мәлімет тарап жатыр. Көптеген мектеп жабылатынын хабарлауда. Бұл мекемелерді қаржыландыру енді жергілікті бюджетке жүктелді. Егер олардың бәрі жабылса, 300 мың оқушыны қайда орналастырамыз?" – деп мәселе көтерді депутат.
Оқи отырыңыз: Сарапшы: Жастардың 85%-ы өзінің қай мамандыққа икемі барын білмейді
Бұл сауалға жауап берген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жағдайдың байыбына тоқталып, барлық жекеменшік мектеп жабылмайтынын айтты. Оның сөзінше, тек жертөле мен мектепке бейімделмеген орындарда жұмыс істеп жатқан оқу орындарына ғана шектеу қойылады.
"Біз үшін жеке меншік мектептерде оқып жатқан 300 мың баланың сапалы білім алуы өте маңызды. Жоғары аудиторлық палатаның тексеруі нәтижесінде бұл мектептердегі білім сапасына қатысты біраз сұрақ туындады. Егер жабылу мәселесі көтерілсе, ең алдымен мектепке сай емес, жертөле сынды ғимараттарда орналасқан мекемелерге қатысты шара қабылданады. Ал сапалы білім беріп отырған жеке меншік мектептерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Мұны нақты айта аламын", – деді министр.