Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваның ісі бойынша материалдарды қарау аяқталып, іс прокуратураға жолданды, деп хабарлайды ҚМА-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Қаржылық мониторингі агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

2025 жылғы 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті. Бұған дейін хабарланғандай, залал сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.

Ұрланған қаражатқа сатып алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды. Қылмыстық іс айыптау актісін бекіту және сотқа жолдау үшін Бас прокуратураға берілді", — делінген агенттік хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Қаржылық мониторинг агенттігі ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.

Сол кезде ҚМА өкілдері қайырымдылық үшін жіберілген қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.

Биылғы наурызда Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі мәжбүрлі түрде таратылатыны хабарланды.