Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) еліміздегі өкілдігінің басшысы Рашед Мұстафа Сарвармен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерлан Қарин өскелең ұрпақты қолдауға және оларды жан-жақты дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік шаралар туралы мәлімет берді. Сонымен бірге, балалардың құқығын қорғау Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың басым бағытының бірі екенін атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші бір жыл бұрын Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау туралы заң күшіне енгеніне назар аударды. Сарапшылардың пайымдауынша, қабылданған заңның және мемлекет жүзеге асырып жатқан нақты шаралардың нәтижесінде Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамасы мен пәрменді жүйесі қалыптасты.
Мысалы, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыс саны 21,3 пайызға, ал педофилиямен байланысты қылмыс 40,7 пайызға азайған.
Мектептерге "111" мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылғаннан кейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психикалық-эмоциялық жағдайларды анықтау көрсеткіші артты. Биыл бес айдың ішінде 86 мыңнан астам бала аталған қызмет түріне жүгінген. Соның ішінде 2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып көмек сұраған. Балалар өзіне өзі қол жұмсамақ болған 28 оқиға анықталып, қатердің дер кезінде алдын алған.
Ерлан Қарин ЮНИСЕФ кеңсесімен өте тығыз әрі нәтижелі ықпалдастықтың қалыптасқанын айтты. Мемлекеттік кеңесші балалардың құқықтарын қорғауға қатысты Қазақстанның бірқатар жүйелі бастамаларын қолдауда ЮНИСЕФ кеңсесінің маңызды рөліне ерекше тоқталды.
Өз кезегінде Рашед Мұстафа Сарвар ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы кеңесі атқарып жатқан жұмыс туралы айтып, келешек жұмыс жоспарын, ой-пікірлерін бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қарым-қатынастың алдағы бағыттарын айқындап, ұрпақ мүддесі үшін әріптестікті күшейте түсуге және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Қазақстанда балалар суицидінің алдын алу бойынша жаңа шаралар қабылданатыны хабарланған.