Атыраудағы "Ақжайық" табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі сөндірілмеді. Халық бес күннен бері түтінге тұншығып отыр. Бүгін кешке жел екпіні күшейіп, соның салдарынан өрт аумағының ұлғайып, өртті сөндіруге кедергі болған.
Бұл туралы Атырау облысының әкімдігі мәлім етті.
"Қазгидромет" РМК АОФ мәліметіне сәйкес, Пешной метеостанциясында бүгін сағат 08:00-де батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 6 метр болған. Ал 19:00-де жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 30 м/с-қа жеткен. Жел екпінінің күшеюі "Ақжайық" резерватындағы өрт аумағының ұлғаюына және оны сөндіруге кедергі келтіріп жатыр.
Қазіргі кезде өртеніп жатқан аумақта екпіні күшті желмен бірге шаңды дауыл соғып жатыр. Қою түтіннен қызыл жалынды көру мүмкін емес.
Сағат 18:00-дегі ақпарат бойынша қамыс өртенген аумақ 1510 гектарды құрады. 1460 гектардағы қызыл жалын өшірілді. Қазір жалғыз ошақ – шамамен 50 гектар жердегі өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Бүгін "Қазавиаспас" мекемесінің МИ-8 тікұшағы арқылы 12 тонна су төгілді. Өртті сөндіруге 150-ге жуық адам мен 50-ге тарта техника жұмылдырылған", — делінген хабарламада.
Ал Алматы телеарнасының тілшілері экологтар қаладағы өндірістік аумақта күкірт сутегі шекті нормадан 11 есе асып кеткенін айтып, дабыл қағып жатқанын жазады.
Телеарна хабарлауынша, атыраулықтар сыртқа тек бетпердемен шығатын болған.
"Іші өтіп, құсып жатқан бала көп, ал үлкендер көбіне қан қысымының күрт жоғарылағанына шағым айтады. Әсіресе, түс пен түнгі уақытта жағдай ушыққан. Айта кету керек, тұрғындар бұл ретте қамсыз отырған қала билігіне ашулы", — деп хабарлады басылым.
"Тексеріс барысында қаланың аймағында АНПЗ-ның қасында және булану алаңында күкіртсутегінің 10-11 есе артуы орын алды. Бірақ нақты кәсіпорындардан деп айта алмаймыз. Тексеріс нәтижесінде белгілі болады. Күкірт сутегі адам денсаулығына, ағзасына зиянды. Сондықтан қауіпті. Экология департаментінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", — деді облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.
Ал дәрігерлер ауадағы күкіртсутек алдымен тыныс алу жүйесіне әсер ететін айтты. Мұндай уақытта адамдарда жөтел, көздің ашуы, бас ауруы сияқты белгілер байқалады. Сонымен қатар аллергиялық реакция мен демікпе, әлсіздік секілді белгілер болуы мүмкін.
"Күкірттің адам организміне әсері өте көп. Соның ішінде тыныс алу жүйесіндегі бронх, астма секілді ауруларға әкелуі мүмкін. Уланған жағдайда адам есінен танып, басы айналып, әлсіздік симптомдары пайда болуы мүмкін. Науқас уланған жағдайда қасында дәрігер болмаған жағдайда ең бірінші таза ауаға шығуы керек", — деді жалпы тәжірбиелік дәрігер Құндыз Ахметова.