Бортсерік қандай аяқкиім түрлерін киген жолаушыларды жақтырмайтынын және ерекше қадағалайтынын баяндады.

Оларды тіпті арнайы тізімге енгізіп қоятыны белгілі болды. Сондықтан әуе көлігімен сапарлағанда ондай аяқкиімге жоламауға тырысыңыз.

Авиакомпаниялар мен оларға аутсорсингтік қызмет көрсететін агенттіктер бортсеріктерді даярлағанда, оларға ұшақ салонына еніп жатқан адамдардың аяғына назар аударуға үйрететін болып шықты.

Соның ішінде әсіресе, өкшесі үшкір және биік туфли кигендер қырағы назарға ілігеді. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, әлдеқалай жағдай бола қалса, төтенше жағдайлар кезінде дәл осы бикештер жолаушыларды ұшақтан эвакуациялауда қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін.

Мысалы, өкшесі сынып, өзі сұлап түседі. Немесе сүрінген әлдекімді біз көшесімен басып кетіп, жарақаттауы, тіпті өлтіріп тынуы ғажап емес. Бірақ экипаж мүшелері қабақ түйе қарайтын аяқкиім түрлері тек "төплимен" шектелмейді.

Әлеужеліде JSX компаниясының бортта қызмет көрсету бөлімінің басшысы, сюардесса Эми Кэрис қандай аяқкиім түрлерін әуе тасымалдаушылары "проблемалы" деп санайтынын айтып берді.

Оның мәліметінше, отырғызу кезінде бортсеріктер жолаушылардың аяғына не ілгеніне байқатпай, зер салады. Содан соң қолайсыз аяқкиімі барларды жайғасқан орны бойынша "қарындаштың ұшына" алып, тізімдеп, сапар бойы оларды бақылауды жалғастырады.

"Егер бортсеріктер қасыңыздан өтіп бара жатқанда сізге қайта-қайта көз сала берсе, немесе алыстан сізге қарап-қарап қойса, сіз оларға ызаланбас бұрын алдымен өз аяғыңызға көз тастаңыз. Өйткені олар бірінші кезекте сіздің және айналадағы адамдардың қауіпсіздігін сақтауға тырысады. Мен де жолаушылардың аяқкиіміне зейін қоямын, себебі, олардың тез және қауіпсіз қозғалу қабілетін қадағалауым керек", – деді Кэрис.

Айтпақшы, сарапшының түсіндіруінше, "дьюти фридегі" арзандау және сапалы арақ-шарапқа қызығып немесе ұшудан қорқып, рейс алдында спирттік ішімдікке сылқия тойып алатындар жетеді. Олар қандай аяқкиім кисе де, бәрібір қоршаған ортасына қауіп төндіреді. Сол себепті бортсеріктер тарапынан бақылауда болғаны жөн.

Мастарды, есі сау емес, делқұлы адамдарды, сондай-ақ сырқаттарды қоспағанда, Эми Кэристің пікірінше:

  • биік өкшелі туфли немесе етік,
  • шлёпанцы,
  • өкше тұсында арнайы баумен фиксацияланбайтын моделдегі аяқкиімдер (ел арасында оны "сапылдақ" атайды) бортсеріктердің алаңдаушылығын туғызады.

Өйткені олардың иесі "белбеу тағыңыз" деген ескертпені елемей, турбуленттілік жағдайында орнынан тұрып, салон ішінде қозғала бастаса, қолайсыз аяқкиімі "жарға жығып", өзі жалпағынан түсуі немесе өзге жолаушының үстіне құлауы мүмкін.

Сондай-ақ, мұндай аяқкиімдер тез қозғалуға кедергі келтіріп, эвакуациялауды баяулататыны айтылды. Ендеше стюардесса көзін аларта қарап, суық жүзбен қызмет көрсетпесін десеңіз, ұшақ ішіне барынша ыңғайлы аяқкиім киюге тырысыңыз.

"Негізінен, биік "бізөкше" жолаушылардың салон ішінде қозғалысын елеулі күрделендіреді және шұғыл эвакуациялауда қиындық тудырады. Сол себепті, мен аяқкиімі жайсыз жолаушыны байқасам, ол туралы арнайы жазба қалдырамын. Сонда ол жазбаны экипаждың басқа мүшелері де оқып, қажет болған жағдайда, эвакуациялау басталар алдында ол адамдардың атын атап, аяқкиімін тез шешуге бұйрық бере алады", – деді Кэрис.

Авиакомпаниялардың ішкі ережелері бойынша әуеде – бүкіл билік бортсеріктерде. Олар қатты қаласа, бұзақыны жабыла жығып, тұтқындап, аяқ-қолын байлап-матап тастай алады. Бұл үшін полиция олардың үстінен "адамды кепілдікке алу", "зорлық көрсету" сияқты баптармен іс қозғамайды.

Бортта қызмет көрсету бөлімінің басшысы жалпы, биік өкше атаулы секіру кезінде үрілмелі авариялық трапты бүлдіріп, тесіп тастауы мүмкін екенін де еске салды.

Айтпақшы, бұдан бөлек, бортсеріктер ұшу кезінде аяқкиімін шешетін, аяғынан шыққан күлімсі иісімен көршілерінің мазасын кетіріп, көңілтолмастығын туғызатын және салонда жалаңаяқ (шұлықпен болса да) жүретіндерді де назарға алады.

Овербукинг, яғни, билет сатып алғандардың саны ұшақтағы орын санынан асып түскенде (бұл артық сатуда да, бір ұшақты екіншісіне шұғыл ауыстырғанда да туындайды), авиакомпаниялардың тіркеу агенттері жолаушылар арасынан іріктеп, мұндай адамдарды кезек соңына ысыруы мүмкін. Оларға ұшақ ішінде бірінші кезекте, тәртіп пен толық түсіністік болғаны маңызды.

Сонымен бірге, мамандар салонда жалаңаяқ жүрудің гигиенаға қайшы екенін айтады. Ұшақтар әуежайға келіп қона сала, оның ішін мұқият тазалап жатуға бортсеріктердің уақыты болмайды. Содан еден лас күйде қалады, түрлі ауру қоздырғыш бактерияларға, микробтарға толы болады.

Ұшақ ішіндегі қоғамдық дәретханаға жалаңаяқ баратын, кейін шұлығын ауыстырмастан, аяқкиімін кие салатын адамдардың қылығын түсіну қиын.

Әрине, қазақстандық және шетелдік әуе компаниялардың кейбірі қашық рейстарда арнайы шұлық таратады. Бірақ ол соны киіп алып, салон ішінде сайрандау үшін емес, аяқтың шуаш иісі өзге жолаушыларды мазаламау үшін беріледі екен.

"Салон ішінде жалаңаяқ серуендеп жүретін, тіпті әжетханаға аяқиімсіз кіріп кететін жолаушылар бізді қайран қалдырады. Бізде едендер өте лас болады, еден жабынғысы өте сирек ауыстырылады, көп жуылмайды, әрі кетсе, шаңсорғышпен жүріп өтеміз. Гигиенаға қайшылығы сыртында, жалаңаяқ адамдар өзге жолаушылардың жоғалтып алған үшкір заттарын немесе әлдебір сынған нәрсені басып кетіп, жарақаттануы мүмкін", – деді стюардесса.

Бұдан өзге, апатты жағдай бола қалса, жалаңаяқтарға сыртқа шыққанша сынықтарды немесе басқа да қауіпті, тіпті жанып жатқан бөлшектерді басып өтуге тура келеді.

"Фактрум" порталы кіріс қуған авиакомпаниялардың салонды дезинфекциялау мен санитаризациялаудан әрдайым ақша үнемдейтінін қаперге салды. Әрбір рейс қарсаңында кілемді тазалаумен ешкім айналыспайды.

Салдарынан, едендегі жұмсақ жабынғы біреудің құсқан құсығын, шыдамсыз балалардың, ересектердің зәрін, адамдардың мұрнынан не басқа жерінен аққан қанын, сондай-ақ жолаушылардың сырттан аяқкиіміне жабыстырып әкелген өзге де лас заттарды сіңіреді.

Ұшақ ішінде жалаңаяқ жүрмеңіз. Аяғыңыз тынықсын десеңіз, өзіңізбен бірге үй тәпішкесін ала жүріңіз.

Бұған қоса, сарапшылардың айтуынша, тамақ ішу кезінде наныңыз, ішімдігіңіз немесе басқа асыңыз еденге құласа, көтеріңіз, бірақ жемеңіз.