Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз мақаласында "еститін мемлекеттің" жаңа институты – Ұлттық құрылтайдың қандай мақсатпен құрылғанын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның пайымдауынша, ұлттық жаңғырудың бастауы 2022 жылдың маусымында өткен алғашқы Ұлттық құрылтай отырысынан басталды. Сол кезде Мемлекет басшысы оның рөлін нақты айқындаған еді: "Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен шығармашылық қадамдар арқылы ұлттық бірлікті нығайту".

"Қазақтың мәдени-тарихи дәстүріне негізделген Ұлттық құрылтай форматы тек қана далалық демократия институтының жаңартылған бейнесін қайта тірілтіп қоймай, сонымен қатар ол терең символдық мәнге ие. Бұл – халық жадысының терең қатпарларына, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрдің беделіне үндеу. Алайда бұл қадам тек өткеннің тарихи ұлылығын еске салатын символдық қана ишара емес. Бұл – болашақтың келбетін ұлы өткеннің призмасы арқылы көруге мүмкіндік беретін бастама", – деп жазады Мәулен Әшімбаев.

Ол Қазақстан тарихында үш маңызды кезеңді атап көрсетеді. Біріншісі – Орталық Азия ағартушылық дәуірі, екіншісі – Алтын Орда кезеңі, үшіншісі – хан Тәуке тұсындағы Қазақ хандығының алтын ғасыры. Автордың айтуынша, Орталық Азия ағартушылығы біздің халықтың ұжымдық санасында терең із қалдырса, Алтын Орда кезеңі бізге қазақи болмысты сыйлады. Бұл болмыс – құндылықтар синтезі, төзімділік, батылдық, жаңа көкжиектерге ұмтылыс пен сау авантюризм. Ал Тәуке хан тұсындағы дәуір – әділдік пен тыныштық орнаған, бейбіт өмір мен берекенің алтын ғасыры.

"Біздің ұлы бабаларымыз бізге баға жетпес мұра қалдырды – бұл біздің құндылықтарымыз: жақсылық пен жамандық, әділдік пен ар-ұят, кішіпейілділік пен батырлық, білімнің күші мен өзгеге қамқорлық, үлкенге құрмет – кішіге ізет, туыстық байланыстардың мызғымастығы, тәуелсіздікке ұмтылыс пен жаңашылдыққа құштарлық, балалық аңғалдық пен салауатты амбициялар. Біздің міндетіміз – осы мұраны одан әрі дамытып, жаңа құндылықтармен толықтырып, соның төңірегінде топтасып, Ұлы Даланың жаңарған әрі мәңгілік жүрегінде болашақ ұлтын қалыптастыру", – дейді Мәулен Әшімбаев.

Сенатордың пікірінше, болашақтағы ұлттың өркендеуі – біздің ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен, болмысымыздың генетикалық кодына жазылған құндылықтармен тығыз байланысты.

Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың мақаласының толық нұсқасын "Время" газеті жариялады. Сілтема арқылы оқи аласыз.