Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова сенат кулуарында журналистерге әлеуметтік көмекті саралап төлеудің жаңа тәртібінің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
"Бүгінгі таңда бұл тәртіпті ілкі жоба ретінде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында іске асыра бастадық. Кейін оны бүкіл республикаға тарату жоспары бар. Бірақ таратпай тұрып, нормативтік-құқықтық актілер қабылдау керек. Біз мемлекеттен әлеуметтік көмек алып жүргенімен иелігінде коттеджі, 2-3 көлігі бар азаматтарды анықтадық. Көпбалалы аналардың арасында ондайлар бар деп нақты айта алмаймын", — деді министр.
Светлана Жақыпованың айтуынша, бұл өзгеріс негізінде отбасының жан басына шаққандағы табысы иелігіндегі көлік пен жылжымайтын мүлік құнымен қоса есептеледі.
"Отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 4 еселенген мөлшерінен асса, 2 және одан көп автокөлік құралы болса, екі және одан көп жылжымайтын мүлік болса, өзінің дамуына инвестиция салатын адамдар туралы айтып отырмыз. Әлеуметтік әділдік қағидаты деп отырғаным да осы. Оларға қолдау қажет емес. Реформа соларға қатысты. Қалған санаттарға уайымдаудың қажеті жоқ", — деді Светлана Жақыпова.