2025 жылғы 19 маусымда Сенаттың мінберінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстандағы барлық банктердің бірыңғай QR-код жүйесіне қосылу процесінің қай кезеңде екенін айтып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бірыңғай оператор – Ұлттық банктің еншілес ұйымы болып табылатын Ұлттық төлем корпорациясы болады.
"Қазір осы корпорацияның жүйесі арқылы қолма-қол емес төлемдердің 90%-ы өтуде. Мысалы ретінде айтсақ, күніне 5,9 трлн теңге өңделеді. Бұл – ірі ұйым. Осы ұйым бірыңғай ұлттық QR жүйесінің операторы болады. Қазіргі таңда үш банк жүйеге қосылды, тағы тоғыз банк тестілік режимде жұмыс істеп жатыр", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, жылдың соңына дейін барлық банктерді жүйеге қосу жоспарланып отыр – бұл не стандартты әріптестік механизмдері арқылы, не заңнамалық өзгерістер арқылы жүзеге асады.
"Біз бұл бағытта Парламент арқылы бірқатар заңнамалық түзетулерді де қатар алып жүрміз, олар банктердің осы жүйеге міндетті түрде қатысуын көздейді. Яғни, біз параллель жолдармен алға жылжимыз. Банктерде түсіністік бар. Бұл – үлкен технологиялық процесс екенін түсінуіміз керек", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол әр банктің өзінің техникалық архитектурасы бар екенін және олардың бәрі өз экожүйесін дамытуға тырысатынын атап өтті.
"Барлық банктерді бірыңғай орталыққа, бірыңғай операторға қосу қажет. Бұл – қосымша қаражатты, адами ресурстарды, қаржылық және технологиялық ресурстарды талап етеді. Қазір бәрін орында деп талап ету қиын. Бірақ біз оларды ынталандырып, жұмылдырып жатырмыз. Банктермен әр кездесуімізде міндетті түрде осы тақырып көтеріледі: "Қашан? Қашан? Қашан?" Яғни, бұл іспен мен де, менің орынбасарларым да, техникалық командаларымыз да айналысып жатыр", – деп толықтырды Тимур Сүлейменов.
Бұған дейін Ұлттық банктің қазақстандықтарға маңызды ақпаратпен жүгінгендігі хабарланған болатын.