Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Время» газетінде жарияланған материалында Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларындағы шешуші үшінші кезеңді – ұлттық бірегейлікті қалыптастыруды сипаттайтынын атап өткен, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа мақалада Сенат спикері Мәулен Әшімбаев «Тоқаев моделі» мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынатынын алға тартты.
Реформа логикасының 3-кезеңі: Ұлттың жаңа сапалық деңгейге көтерілуі
Автор Тоқаев реформаларының кезеңдерін сараптаудан бастайды: билікті шоғырландыру мен экономиканы жаңғыртудан кейін ұлт үшін жаңа рухани негіз – ортақ бірегейлік қалыптастыру кезеңі келгенін атап өтеді.
Тарих толқынында жоғалып кетпеу үшін мемлекетке ішкі мызғымас тірек қажет […] мұндай тұтастықты қамтамасыз ететін бірден-бір күш – ортақ ұлттық бірегейлік, – деп жазады Әшімбаев.
Өткен мен жаңа бірегейлікке бастайтын көпір
Мәулен Әшімбаев 2023 жылғы жазда Мысыр еліне жасаған сапарынан алған жеке әсерімен бөліседі. Оның айтуынша, қайта қалпына келтірілген Сұлтан Бейбарыс мешіті «өткеннен болашаққа бастар көпірге» айналған.
Осындай сәттерде өзіңді бүгінгінің ғана емес, одан анағұрлым үлкен жаратылыстың бір бөлшегі сияқты сезінетін күй болады. Өзіңнен бұрынғылар мен кейінгілердің ой-армандарын, рухын, қайғы-мұңы мен үмітін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бойына сіңірген біртұтас, үздіксіз, тірі сананың бөлігі екеніңді ұғына түсесің...
Автордың пайымынша, тарих, мәдениет пен рухани жады – мұның барлығы жалпыұлттық рухты нәрлендіретін құндылықтар.
Тоқаев моделі = проактивті бірегейлік
Әшімбаев бұл тәсілдің мәнін нақты тұжырымдайды:
«Тоқаев моделі» болса, мемлекет пен қоғамның ұлтты біріктіріп қана қоймай, оған ХХІ ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды іріктеу және әзірлеу жөніндегі проактивті қызметін ұсынады.
Бұл ұстаным «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидасында көрініс табады. Яғни, мемлекет бұл үдерісті қатаң басқармайды, бірегейліктің табиғи қалыптасуына жағдай жасайды.
Мәдениет, креатив, смарт-ұлт — ұлттық ренессанстың қозғаушы күштері
Сарапшы креативті индустриялардың маңыздылығына ерекше тоқталады — кино, Q-pop, сән, гастрономия, әлеуметтік желілер:
Ұлт құру ісіндегі бұл прагматизм барлық бағыттан байқалады. Әсіресе, поп-мәдениетті, фильмдерді, сәнді, тамақты, спортты, әлеуметтік желілердегі контентті қалыптастырушы әсерді туындататын негізгі бағыттарды саналы түрде қолдау мен насихаттаудан да көрінеді. Қалыптастырушы әсер деп отырғаным – ұлттық трендтердің, көп жағдайда, жастар арасында қалыптасуына барынша кең және терең әсер ететіндей таралған көңіл күй толқыны. Мұнда да «қазақылықты» сәнге айналдырған креативті индустрия «Тоқаев моделінің» негізгі басымдығы екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ, Сенат спикері цифрландыру мен «Смарт ұлт» жобасының рөлін атап өтеді:
білім, технология, стартаптар, мектеп оқушыларының олимпиадаларға қатысуы — мұның бәрі ұлттың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне қызмет етеді.
Тарих – іргетас әрі бағыт-бағдар
Автор ұлттық кодты қалыптастырған үш тарихи кезеңге кеңінен тоқталады:
- Исламдық Ренессанс дәуірі (VIII–XII ғғ.),
- Алтын Орда кезеңі,
- Тәуке хан тұсындағы дәуір.
Әшімбаевтың пікірінше, осы тарихи белестер толеранттылықты, синкретизмді (мәдени үйлесімділікті) және демократиялық институттарды, соның ішінде құрылтай дәстүрін негіздеген. Бұл құндылықтар қазіргі заманда жаңғырып, жалғасын табуда.
Алда не күтіп тұр?
Әшімбаев өз ойын төмендегідей түйіндейді:
Болашақ әлемдік тәртіптегі орнымыз ең алдымен ұлттың сапасына байланысты… Қазақстан азаматы қандай болуы керек – мәселе осында.
Бұл сөздер ұлттық диалогқа және әрбір азаматтың белсенді қатысуына шақыру ретінде қабылданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөз сөйлеген болатын.