Синоптиктер бүгін, 20 маусымда Алматыда нөсер жаууы мүмкін екені туралы хабарлаған. Осыған байланысты қалада коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне ауысты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазгидромет" РМК мәліметінше, Алматыда 20 маусымда сағат 15:00-ден бастап 21 маусым сағат 02:00-ге дейін жаңбыр жауады, кей жерлерде найзағай, бұршақ жаууы мүмкін. Метеорологтар бірнеше сағат ішінде жауатын жауын-шашын мөлшері маусым айындағы нормадан асып түсуі мүмкін екенін болжап отыр (маусым айының нормасы 59 мм — ред.ескерпесі).
Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа ауысып, жылдамдығы 3-8 м/с, екпіні 15-20 м/с-ке дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +28…+30 °С болады.
20-нан 21 маусымға қараған түні өткінші жаңбыр жауып, найзағай соғады, күндіз жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы түнде +17…+19 °С, күндіз +31…+33 °С.
22 маусымда көшпелі бұлт шығады, күндіз өткінші жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Түнде ауа температурасы +20…+22 °С, күндіз +28…+30 °С.
"Су басу қаупінің алдын алу мақсатында 52 мобильді жедел бригада кезекшілікке қойылды. Олар мотопомпа және құрал-жабдықпен жабдықталған.
Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады", — делінген хабарламада.
Күндіз 426 арнайы техника, 26 мотопомпа және 895 жұмысшы жұмылдырылған.
Алматы қаласының құтқару қызметі тарабынан 12 техника және 55 қызметкер, ТЖД тарапынан 58 техника және 245 адам жұмылдырылды.
Бұған дейін коммуналдық қызмет су кедергісіз ағуы үшін арық жүйелерін, өткелдерді және қоқысты сүзіп алып қалатын құрал арқылы тазалау жұмыстарын жүргізген.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарына ескерту жасап отыр.
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты тауға бармаңыз.
- Ағаштар құлап, электр желілері үзілуі мүмкін, сондықтан көлікті жол жиегіне қоймаңыз.
- Арықтарды, жаңбыр суы ағындарын және су ағатын арналарға тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс тастамаңыз.
Олар ережені бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы – "Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын көркейту қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы нысандарын бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды.