ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м. а. 2025 жылғы 5 маусымдағы бұйрығымен Республикалық жастар форумын өткізу Ережесін бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Республикалық жастар форумы – мемлекеттік органдар мен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың жалпыұлттық деңгейін қалыптастыру мақсатында өткізілетін өңірлік форумдарда сайланған жастар өкілдерінің форумы.

Форумды дайындауды және өткізуді ұйымдастыру комитеті жүзеге асырады.

Ұйымдастыру комитетін мемлекеттік жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – уәкілетті органның, орталық атқарушы органдардың, жастар ұйымдарының өкілдерінен қалыптастырады.

Ұйымдастыру комитеті форум өткізу мерзіміне құрылады.

Форум кем дегенде екі жылда бір рет шақырылады.

Ережеде форумда шешім қабылдау форум делегаттарының ашық дауыс беруі арқылы жүзеге асырылатыны белгіленген.

Форум делегаттарының құрамы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада ҚР заңнамасында көзделген тәртіппен әділет органдарында тіркелген жастар ұйымдарының қатысуымен өңірлік форумдарда қалыптастырылады.

Бұл ретте делегациялардың сандық құрамы әрбір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Астананың жастар санының қазақстандық жастардың жалпы санына пайыздық арақатынасына байланысты қалыптастырылатыны көрсетіледі.

Бұдан басқа, форумға қатысу үшін форум делегаттарының жалпы санының 10% – нан аспайтын мөлшерде жастар ұйымдары қосымша шақырылады.

Бұйрық 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.