Әлеуметтік желіде қараусыз бүлдіршіннің екі рет жолға шығып кеткен видеосы тараған еді. Бала аман, дегенмен ақтөбелік полицейлер 3 жасар қыздың ата-анасын жазасыз қалдырмады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Көліктердің бейнебақылау камераларына түскен кадрларда кішкентай қыздың үлкен көшеге шығып, көліктерге қарсы беттеп келе жатқаны анық көрінеді. Алайда жолда келе жатқан бірнеше жүргізуші дереу әрекет етіп, көліктерін тоқтатып, баланы қоршап, қауіпсіз жерге алып шыққан. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да жағдайға қатысты пікір айтты.
"Оқиға болған сәтте әкесі жұмыста, анасы іс-шарада болған. Балалар қараусыз қалған", – деп мәлімдеді ол.
Ата-аналардың кім екені анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" әкімшілік хаттама толтырылды. Олар 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (39 320 теңге) айыппұл салуға алып келеді. Ал егер бір жылда жағдай қайталанса, 15 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (58 980 теңге) айыппұл салуға не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауқа алынады.