Интернеттегі алаяқтық күннен-күнге күрделеніп, түрленіп барады. Осындай жағдайда қарапайым азамат өзін қалай қорғай алады? Жеке деректердің заңсыз таралуына қандай жаза бар? «Дроппер» ұғымы нені білдіреді және ол үшін кім жауап береді? Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде El.kz тілшісі «Adilzanger» заң консультанттары палатасының мүшесі, заңгер Бауыржан Әбдімұратұлымен әңгімелестік.

El.kz: Қазіргі таңда интернеттегі алаяқтық түрлері көбейіп барады. Қарапайым азамат өзін кибералаяқтардан қалай қорғай алады? Қандай құқықтық тетіктер бар?

Бауыржан Әбдімұратұлы: Қазақстан Республикасының заңнамасында мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 190-бабы — «Алаяқтық» бойынша, егер ол ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалса, бұл ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылады.

Қарапайым азаматтар үшін басты қорғаныс – сақтық пен құқықтық сауаттылық.

- ешкімге жеке деректеріңізді, банк карталарының нөмірін, SMS-кодтарды немесе құпия сөздерді бермеу керек;

- күмәнді жағдай туындаса, полицияға немесе eGov порталы арқылы құқық қорғау органдарына дереу жүгінген жөн.

Бұл құқық бұзушылықты ресми түрде тіркеуге мүмкіндік береді. Егер залал келсе және кінәлі тұлға анықталса, азаматтық талап қою арқылы шығынды өтеуді де талап етуге болады.

El.kz: Цифрлық әлемде адамның жеке деректері — ең құнды ресурс. Осы деректерді заңсыз пайдаланғандарға қандай жаза қарастырылған?

Бауыржан Әбдімұратұлы: Қазақстан заңнамасында жеке деректерді қорғау — ерекше құқықтық реттеуге жатады. Егер біреудің жеке деректері оның келісімінсіз жиналса, таратылса немесе пайдаланылса, бұл заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Аталған бапқа сәйкес, жеке өмірге қолсұғушылық жасаған, оның ішінде жеке деректерді заңсыз жинаған, сақтаған, пайдаланған немесе таратқан тұлғаларға айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығынан айыруға дейінгі жазалар тағайындалуы мүмкін.

Сонымен қатар, егер жеке деректердің заңсыз таралуы материалдық немесе моральдық залал келтірсе, жәбірленуші азаматтық сот арқылы да залалды өндіруді талап ете алады. Бүгінде әрбір азамат өз жеке деректерінің кімде, қайда және қандай мақсатта қолданылып жатқанын білуге толық құқылы. Бұл — заңмен бекітілген құқық.

El.kz: Кейбір адамдар «дроппер» болып қалғанын білмей жатады. Жалпы, дроппер деген кім және ол үшін заң алдында қандай жауапкершілік қарастырылған?

Бауыржан Әбдімұратұлы: «Дроппер» — бұл көбінесе алаяқтық схемаларда қолданылатын ұғым. Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер — өз атына банк шотын ашып, оны үшінші тұлғаларға берген адам. Мұндай шоттар арқылы заңсыз жолмен алынған ақша айналымға түседі. Кейде адам бұл әрекеттің салдарын түсінбей, алаяқтарға алданып, өз еркімен немесе ақысына шот ашып береді. Бірақ бұл оны жауапкершіліктен босатпайды.

Егер дроппердің әрекеттері арқылы өзге біреудің мүлкіне зиян келтірілсе немесе қылмыстық жолмен алынған қаражат заңдастырылса, онда бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 262, 190, 218 және басқа да баптары бойынша сараланып, жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Мысалы:

– Егер адам қылмыстық топтың бір бөлігі ретінде әрекет етсе — бұл ұйымдасқан қылмыстық құрылымға қатысу ретінде бағаланады (ҚК 262-бап);

– Егер бұл алаяқтықпен байланысты болса — ҚК 190-бабы қолданылады;

– Егер заңсыз жолмен алынған ақшаны заңдастыруға (отмывание) қатысса — ҚК 218-бабы қарастырылады.

Сонымен бірге, азамат өз атына ашылған шоттың қолданылуын бақылауға міндетті. «Білмедім» немесе «мен тек көмектестім» деген түсініктемелер жауапкершіліктен толықтай босатпайды, әсіресе егер фактілер мен дәлелдер адамның әрекетке саналы түрде қатысқанын көрсетсе. Сондықтан әр адам өз деректерін, банк шоттарын ешқашан бөгде адамдарға бермеуі керек. Бұл — тек құқықтық емес, азаматтық жауапкершілік мәселесі де.

El.kz: Алаяқтар тарапынан жәбір көрген адам қайда және қалай жүгінуі керек? Қандай дәлелдер мен әрекеттер оның құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқарады?

Бауыржан Әбдімұратұлы: Алаяқтықтан жәбір көрген азамат ең алдымен құқық қорғау органдарына – яғни полиция бөліміне немесе eGov порталы арқылы ресми арыз түсіруі тиіс. Жедел түрде әрекет ету – болашақта залалды өтеу мен кінәлілерді жауапқа тарту үшін өте маңызды.

Негізгі дәлелдерге мыналар жатады:

– Хабарламалар мен хат алмасулардың скриншоттары,

– Ақша аударымдарының түбіртектері,

– Алаяқтың телефон нөмірі, карта деректері немесе әлеуметтік желідегі аккаунттары,

– Егер бар болса – куәгерлердің түсініктемелері.

Маңызды әрекеттер:

  • Дәлелдерді жоймай, жинап сақтау.
  • Бөгде адамдармен қаржылық байланысқа түспеу.
  • Қай банктің картасы қолданылса – сол банкке де ресми түрде хабарлау.
  • Мүмкіндігінше заңгерден немесе қоғамдық қорғау ұйымдарынан кеңес алу.

Азаматтың құқықтары бұзылған жағдайда, ол тек қылмыстық жолмен ғана емес, қажет болса, азаматтық тәртіппен де – моральдық және материалдық шығынды өндіру үшін – сотқа жүгіне алады.

El.kz: Азаматтардың құқықтық сауатын, интернет алаяқтарға қарсы иммунитетін қалай қалыптастырамыз?

Бауыржан Әбдімұратұлы: Интернеттегі қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін ең тиімді құрал — бұл құқықтық және цифрлық сауаттылық. Алаяқтар адамдардың сенгіштігін ғана емес, заңды білмеуін де пайдаланады. Сондықтан иммунитет тек техникалық емес, құқықтық және әлеуметтік деңгейде қалыптасуы керек.

Біріншіден, мектеп пен жоғары оқу орындарында құқық негіздері мен цифрлық қауіпсіздік мәдениетін оқыту маңызды деп ойлаймын. Бұл балаларды ерте жастан-ақ ақпараттық кеңістікте өзін-өзі қорғауға үйретеді.

Екіншіден, ересектер үшін — тегін вебинарлар, онлайн курстар, әлеуметтік желілердегі түсіндіру жұмыстары, қарапайым тілде жазылған құқықтық материалдар аса қажет. Мемлекетпен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдар да бұл бағытта белсенді болуы тиіс.

Үшіншіден, әр азамат күнделікті өмірінде мына қағидаларды ұстануы керек:

– жеке деректер мен банк ақпаратын ешкімге бермеу;

– күмәнді сілтемелерге өтпеу;

– «тез байытамын» деген ұсыныстарға сенбеу;

– бір нәрсеге күмән туса — алдымен тексеру, қажет болса, кеңес сұрау.

Төртіншіден, алаяқтардан зардап шеккен адамдар үнсіз қалмай, жағдайды жариялап, құқық қорғау органдарына міндетті түрде жүгінуі керек. Бұл — өзгені сақтандырудың да жолы.

Яғни, иммунитет — бұл заңды білу, ойлану және әрекет ету дағдысы. Ол уақытпен, тәжірибемен және қоғамның бірлескен күш-жігерімен қалыптасады.