ҚР Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа енгізілген өзгерістерді ратификациялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

“Мемлекет басшысы «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, — делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

2025 жылғы 12 маусымда Сенат депутаттары бұл хаттаманы ратификациялаған болатын.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры 2009 жылы аймақтық қаржылық тетік ретінде құрылды. Оның мақсаты — қорға мүше мемлекеттердің (Қазақстанмен қатар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей) экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу.

Хаттама арқылы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа мынадай өзгерістер енгізіледі:

Қорды қазіргі кезде оның қаражатын басқарып отырған Еуразиялық даму банкінен бөлу мақсатында халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде қайта ұйымдастыру. Бұл екі ұйымның миссиясының әртүрлілігіне байланысты. Астанада штаб-пәтер ашу және қор мүше елдерде өз өкілдіктерін аша алуы. Штаб-пәтерді ұстау шығындары қор қаражатынан қамтамасыз етіледі, Қазақстанның мемлекеттік бюджетінен қосымша қаржыландыру талап етілмейді. Жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруда ұлттық валюталарды қолдану. Қазіргі уақытта тек АҚШ доллары және/немесе еуромен қаржыландырылады. Нысаналы жобаларды қайтарымсыз қаржыландыру үшін трасттық қорларды қолдану. Қазіргі уақытта қор тек қаржылық және инвестициялық несиелер мен гранттар ұсыну құралдарын пайдаланып отыр. Қор қызметкерлерінің сараптамалық әлеуеті мен сыртқы өңірлік немесе жаһандық сараптаманы тарту арқылы техникалық көмек көрсету. Қорға мүше елдер үшін макроэкономикалық жүйелі мониторинг жүргізу, макроэкономикалық жағдай мен келешекті бағалау, заманауи модельдік құралдарды пайдалана отырып.

Қорды құру туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау:

жоба несиелендіру кезінде валюталық бағам ауытқуына байланысты тәуекелдерді азайтады; Қазақстанға қор жүргізетін мониторинг пен макроэкономикалық көрсеткіштерге негізделген талдаудың нәтижелерін алу мүмкіндігін береді.