Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Украинаның Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Виктор Майкодан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады. Бұл туралы сыртқы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ермұхамбет Қоныспаев елшіні тағайындалуымен құттықтап, дипломатиялық қызметіне табыс тілеп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына оның жәрдем көрсететініне сенім білдірген.

Сұқбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-украин ынтымақтастығының өзекті жағдайы мен перспективаларын, ағымдағы жылға арналған іс-шаралар кестесін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін талқылаған.

Қазақ тарапы Украина төңірегіндегі жағдайдың БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен тезірек реттелуіне мүдделі екенін білдірген.

Украина елшісі жылы қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, достық пен өзара түсіністік қағидаттарына негізделген екі елдің көпжоспарлы ынтымақтастығын дәйекті түрде дамыту үшін бүкіл күш-жігерін салуға дайын екенін атап өткен.