Елімізде дәрігер тапшылығы былтыр 20%-ға азайды. Мұндай мәліметті Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды.

Қазақстанда медицина қызметкерлерін, әсіресе ауылдық елді мекендерге тарту және бекіту үшін мемлекеттік қолдау шараларының кешені іске асырылуда .Олар: әлеуметтік кепілдіктер беру, тұрғын үй жағдайын жақсарту, материалдық ынталандыру.

Айта кетсек, былтыр Мемлекет басшысы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңға қол қойды. Бұл мамандыққа деген сенімділікті арттырудың және оның беделін арттырудың негізгі қадамы болды. Осы шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлердің тапшылығы 3 986 бірлікті құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға аз. Ал орташа медициналық персонал бойынша тапшылық 4 230,75 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға төмендеді.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлықведомстволық мекемелерді қоса алғанда, елдегі денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 275 мың медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның 83 мыңнан астамы дәрігер, 191 мыңға жуығы орта медициналық маман.

Соңғы үш жылда біз медицина кадрлары санының өсуі бойынша тұрақты оң динамиканы байқап отырмыз: дәрігерлер саны 2%-ға, ал орта медицина қызметкерлері0,5%-ға өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі, бұл іске асырылып жатқан кадр саясатының тиімділігін растайды,-деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Заңның негізгі ережелері және іске асырылатын шаралар:

* 2024 жылдың қазан айынан бастап 186 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтыған кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі енгізілді.

* Ауылға 5 жыл және одан да көп мерзімге жұмысқа шығатын тапшы мамандықтардың дәрігерлеріне 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Қазірдің өзінде 254 дәрігер жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеден астам төлем алды.