Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі дипломатиялық миссиясын аяқтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осыған байланысты 25 маусымда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко елші Кэти Личті қабылдады.
"Министрдің орынбасары К.Личке Астанада өткен төрт жылдық қызметі барысында екіжақты ынтымақтастықтың дамыуына қосқан елеулі үлесі мен табысты өзара іс-қимылы үшін алғыс білдіріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат пен "Барыс" төсбелгісін табыстады",- делінген ақпаратта.
Кэти Личтің осы кезең аралығындағы маңызды жетістіктер ретінде келесілер аталып өтілді:
- белсенді саяси диалогты қолдау,
- қазақ-британ Стратегиялық диалогы мен Үкіметаралық комиссияның отырыстарын өткізу,
- экономикалық және білім беру байланыстарын кеңейту,
- Қазақстанда британдық жоғары оқу орындары мен мектептердің филиалдарын ашу.
Шарттық-құқықтық базаны нығайту тұрғысында 2024 жылы екі ел арасында Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы маңызды қадам ретінде көрсетілді.
Өз кезегінде Ұлыбритания Елшісі қазақ тарапына жан-жақты қолдауы мен қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, екі мемлекет арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың табысты дами беретініне сенім білдірді.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Армениядағы жағдай туралы айтып берген болатын.