Жақында «Хиуаз Доспанова кім?» атты жаңа кітап қолымызға тиді. Бұл кітап – жас ұрпаққа ерлік пен патриотизмнің биік үлгісін танытатын, ұлттық рухты оятатын маңызды еңбек.

Кітап авторлары – танымал журналист, қоғам қайраткері Тұрсын Қалимова мен ақын, зерттеуші Серікбол Хасан. Олар бұл еңбекте Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың өмір жолын, әскери қызметін, майдандағы батырлығын тарихи деректермен, құжаттармен, естеліктермен баяндай отырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен.

Мұнда Хиуаз апамыздың өміріне қатысты көптеген тың деректер жарияланыпты. Жас кезінен бастап, соғыс жылдарындағы ерлігіне дейінгі оқиғаларға шолу жасалды. Хиуаз Доспанованың батырлығы тек соғыстағы ерлігімен емес, бейбіт өмірдегі азаматтық ұстанымымен де ерекше бағаланады.

Аталған еңбек Хиуаз апамыздың өмірінің жарқын сәттері мен майдан даласындағы ерлік эпизодтарына толы. Хиуаз Доспанова сынды тұлғаның ерлігін еске алу, ұлықтау, келешек ұрпақтың санасына сіңіру жолындағы маңызды қадам.

Кітаптың ерекшелігі – тілінің жеңіл, мазмұнының терең және жастарға бағытталуында. Ерлікті дәріптеумен қатар, оқырманды отансүйгіштікке тәрбиелейтін бұл туынды әсіресе жасөспірімдер үшін таптырмас құрал.

«Хиуаз Доспанова кім?» атты жаңа кітап – елдік пен ерліктің, рух пен намыстың айғағы. Ол тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағдар берер маңызды мұра. Ендеше, осындай тұлғалардың тағылымын тану – ұлт болашағы үшін аса маңызды қадам. Кітап – тарихты сөйлететін, рухты көтеретін, санаға сәуле түсіретін құнды дүние.

Аққу ДӨНЕШ,

Аружан ҚҰСАЙЫН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері