Австралиядағы Флиндерс университетінің ғалымдары тау-кен және қайта өңдеу өнеркәсібінде қолданылатын уытты әдістерге балама бола алатын қауіпсіз әрі тұрақты алтын алу технологиясын ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ғылыми жұмыс Nature Sustainability журналында жарияланды. Жаңа әдіс алтынды кеннен, электронды тақталардан және тіпті ғылыми қалдықтардан да тиімді әрі экологияға зиян келтірмей алуға мүмкіндік береді.

Ғалымдар дәстүрлі түрде қолданылатын цианид пен сынап сияқты улы заттардың орнына суды дезинфекциялау үшін жиі қолданылатын трихлоризоцианур қышқылын пайдаланған. Бұл қышқыл алтынды тұзды суда еріте алады.

Алтын ерітіндіден арнайы жасалған, құрамында күкірт мол полимер арқылы бөлініп алынады. Бұл полимер күрделі қоспаларда да алтынды дәл таба отырып, тек соны байланыстырады. Кейін алтын оңай бөлініп алынады, ал полимерді қайта өңдеп, қайта пайдалануға болады.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңа әдіс ресурстарды тұрақты түрде қайта өңдеуге үлкен үлес қосып, ауыр металдар мен улы реагенттер арқылы қоршаған ортаның ластануын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл әдіс өндіріс саласында "жасыл химия" мен циркулярлы экономиканың қағидаттарын кеңінен енгізуге жол ашады.

Бұған дейін алдағы жүз жылдықта Жер бетінен 500-ден астам құс түрі біржола жойылатындығын жазғанбыз.