Мемлекет басшысы 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты, деп хабарлайды Zakon .kz.

Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мемлекеттер басшылары Тәуелсіздік сарайында шағын құрамда бас қосып, экономикалық интеграцияны одан әрі дамыту перспективасын талқылады.

Жиынға Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян (бейнебайланыс арқылы), Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин қатысты.

Сондай-ақ, Ақорда ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары Минскідегі Тәуелсіздік сарайында бірге түскен суреттерімен де бөлісті.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұшағы Беларусь астанасы Минск қаласына кеше, 26 маусымда кешке қонған болатын.