2025 жылғы 27 маусымда Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында республикалық бюджеттің тапшылығын азайтуға бағытталған үкіметтің алдағы жылдарға арналған жоспарын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Үкімет басшысы мемлекет өз міндеттемелерін толық орындап жатқанын және алдағы уақытта да орындайтынын айтты.
"Бұл тұрғыда ешқандай күмән жоқ. Жалпы, экономикалық жағдай тұрақты. Алайда, өздеріңіз атап өткендей, кейбір мәселелер бар. Бұл – бір күнде пайда болған емес, жылдар бойы жиналған мәселелер. Қазір үкімет оларды шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Үкіметтің бастамасымен елде салық реформасы жүргізілуде. Жақында жаңа Салық кодексі қабылданды", – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінің арқасында келесі жылдың басынан бастап республикалық бюджетке қосымша 3 триллион теңгеден астам қаржы түседі деп күтілуде.
"Бұл қаражаттың барлығы тек даму мақсаттарына бағытталады. Даму деп біз ең алдымен ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды түсінеміз: жаңа нысандарды іске қосу, электр энергиясы көздерін дамыту, автокөлік және теміржол жолдарын салу, инженерлік желілерді жаңғырту. Бұл бағыттар ұзақ мерзімді әрі тұрақты экономикалық өсімге негіз болады. Сондықтан осы салаларда белсенді әрі тиімді жұмыс жүргізетін болсақ, елде тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етіледі. Соның нәтижесінде салық базасы кеңейіп, республикалық бюджетке түсетін кірістер көбейеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің өз міндеттемелерін әрі қарай орындауына мүмкіндік береді", – деп жалғастырды премьер-министр.
Ол қазіргі уақытта үкімет алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасымен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Жұмыс өте қарқынды жүріп жатыр. Алдын ала айтар болсам, 2026 жылы бюджет тапшылығын қазіргі 2,7%-дан 2,5%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. 2027 жылы – 1,8%-ға, ал 2028 жылы – 1,4%-ға дейін төмендетеміз. Мемлекет басшысы бізге нақты тапсырма берді: Ұлттық қор қаражатын бюджет тапшылығын жабуға емес, тек республикалық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға пайдалану қажет. Біз бұл тапсырманы қатаң орындаймыз", – деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Абай облысында полиция үш борышкерді анықтағаны хабарланған болатын.