Жамбылда әйелінің көлігін өртеп жіберген азамат сотталды. Азаматтық некедегі жұбайымен жанжалдасқан отағасы бес литр жанармай сатып алып, жағып жіберген, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Темір тұлпардың түгі қалмаған соң сот оған қасақана жасаған іс-әрекеті үшін 3 жыл алты айға жаза тағайындаған. Телеарна ақпаратына сенсек, ол зайыбының несиеге алған көлігін қала сыртына шығарып, іші-сыртына бензин құйып, от қоя салған. Сөйтіп жанып жатқан көлігінің қаңқасы қалғанша қарап тұрған. Осылайша отағасы 4 млн 4 мың теңге шығын келтірген. Отбасы кредиттен әлі құтылмаған көрінеді. Әйелінің жүргізуші куәлігі болмағасын, көлікті азаматтық некедегі жолдасы айдып жүрген екен.
"Сотталушы өз кінәсін сотта толық мойындады. Өз ісіне өкінетінін және келтірілген шығынды толық көлемде өтегенін ескеріп, сот үкімімен сотталушы А-ға ҚК 202-бабы 2-бөлігі 1, 5-тармақшаларымен 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылды", — дейді Жамбыл аудандық сотының судьясы Бекжан Парманқұлов.