Бүгін, 28 маусым Германияның Гамбург қаласында аралас жекпе-жек турнирі – Oktagon 73 өтеді. Бұл турнир еуропалық MMA жанкүйерлері асыға күтетін маңызды оқиғалардың бірі саналады
Oktagon ұйымы тұңғыш рет Германияда үлкен шоу ұйымдастырып отыр. Ал бұл кешке қатысатын файтерлер сапында Еуропаның әр түкпірінен келген мықты спортшылар бар.
Турнирдің басты жекпе-жегі – қазақстандық Жалғас Жұмағұлов (17–9) пен грузиндік Бено Адамия (12–8–2) арасындағы титулдық айқас болмақ. Бұл Жалғас үшін үлкен мүмкіндік. Оның басты мақсаты еуропалық аренада чемпиондық атақ үшін күресіп, өзінің әлемдік деңгейдегі жекпе-жек шебері екенін дәлелдеу.
Жекпе-жектердің тікелей көрсетілімі SPORT+ телеарнасында Қазақстан уақыты бойынша сағат 21:00-ден кейін басталады.
Айта кетейік, чех-словакиялық Oktagon MMA лигасы – Еуропадағы ең беделді промоушндердің бірі. Соңғы жылдары бұл ұйым көрермендер мен спорт сарапшылары тарапынан жоғары бағаға ие болып, бейресми түрде "Еуропаның UFC-і" деген атауға ие болған.