2024 жылғы 22-28 маусым аралығында Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының "Хлебодаров" полигонында "Айбын" ХІ халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.

ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаевпен блиц-сұхбат жасаған едік.

– Тілеухан Қалилаұлы, биылғы жиынның қандай ерекшеліктері мен жаңалықтары болды?

– Жастар мен жасөспірімдердің әскери өмірге қызығушылығын арттыруда «Айбын» әскери-патриоттық жиынының маңызы айтарлықтай зор. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде, олардың болашақта Отан қорғауға әзірлігін пысықтауда, жалпы, әскери саланың тәртібі мен жинақылығына бейімдеуде таптырмас құрал, әрі патриоттық тәрбиенің бірегей алаңына айналды. Яғни, жас патриоттың бейнесін қалыптастыруда әскери-патриоттық жиынның алатын орны ерекше.

2023 жылғы 5 мамырда өткен бүкілармиялық кеңесте ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мәртебесін жалпыұлттық деңгейге көтеру қажеттігін мәлімдеген болатын. Бұл бағытта көп жұмыс атқарылды деп сеніммен айтуға болады. «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының кеңінен танымал болып, халықаралық мәртебеге ие болуы соның айғағы.

Биыл он бірінші рет өткізілілген «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырылды.

«Айбын» жиынының басты идеясы – рухани құндылықтарды сақтау, озық дәстүрлерді нығайту, өскелең ұрпақты патриоттық рухта және Отанды қорғауға әркез дайын болуға тәрбиелеу.

Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылуы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының «Айбын» оқу орталығында өтті.

– Халықаралық дәрежедегі әскери-патриоттық жиынға қанша команда қатысты?

– Биыл «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына еліміз бен шетелден құрамына 14-17 жас аралығындағы мыңға жуық бала кіретін 56 команда қатысты.

Өңірлердегі әскери-патриоттық клубтардан 20, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың жанындағы әскери-патриоттық клубтардан 19, «Жас ұлан» республикалық мектептерінен, облыстық әскери мектеп-интернаттардан, сондай-ақ «Арыстан» және «Сармат» мамандандырылған мектептерінен 6, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан секілді шет мемлекеттердің әскери-патриоттық клубтарынан 10 команда қатысты. Ал Қытай Халық Республикасы бақылаушы ретінде келді.

– Биылғы халықаралық әскери-патриоттық жиынның байқаулары мен номинацияларында өзгеріс болды ма?

– Номинацияларда айтарлықтай өзгеріс болмады. Жиынға қатысушылар АК-74 автоматын толық бөлшектеу және құрастыру, пневматикалық винтовкадан ату, белтемірде тартылу, денені шалқасынан жатып көтеру, арқан тарту, 1000 және 3000 метр қашықтыққа жүгіру, әскерилендірілген эстафета және «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойындарында сынға түсті. Онда болашақ Отан қорғаушылары әскери қызметпен байланысты практикалық міндеттерді орындады, командада жұмыс істеу тәжірибесін меңгереді, өздерінің моральдық және күш-қуат тұрақтылығын тексерді. Сондай-ақ «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны мен «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы ұйымдастырылды.

Әскери-патриоттық жиынға қатысушылар үшін концерттер, дәрістер, спорттық ойындар, от жағу кештері секілді қызықты бағдарлама дайындалды. Жас патриоттар жиынына Парламент депутаттары, жергілікті билік өкілдері мен Қарулы күштердің ардагерлері шақырылды.

Жас патриоттар жиынының ұлтаралық және халықаралық достықты нығайтуға, әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіруге, әскери қызметті танымал етуге және Қарулы күштердің имиджін арттыруға бағытталған атап өту керек.

– Халықаралық іс-шараға дайындық қалай жүрді?

– Ақтөбе гарнизоны «Айбын» халықаралық жастар жиынына қатысушыларды қабылдады. Командаларды қабылдау үшін оқу орталығында шатырлы қалашық жабдықталды. Балалардың тұратын жері жайлы болды. Медициналық пункт және асхана дайындалды.

Оқу орталығының аумағында жаңа воркаут-кеңістіктер, жүгіру жолағы бар футбол, волейбол және баскетбол алаңдары пайда болды.

Бір сөзбен айтқанда далалық лагерьде ұлдар мен қыздардың армия атмосферасына еніп, шиеленісті жарыстардан кейін демалуына барлық жағдай жасалды.

– Әңгімеңізге рахмет!