Мақаншы ауданында 5 қабатты заманауи қонақүй кешені салынады. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли ауданға жұмыс сапары барысында Мақаншы ауылында бой көтеретін алғашқы қонақ үйдің құрылыс алаңына барып, нысанның іргетасын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жалпы аумағы 2 гектар болатын бұл заманауи кешенде мейрамхана, түрлі стандарттағы 108 бөлме, кең холл-вестибюль және мәжіліс залдары, әртүрлі сауықтыру орталықтары қарастырылған. Қонақ үй іскерлік кездесулер, семинарлар мен іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, 100-ге тарта тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Құрылысты аяқтау келер жылдың II тоқсанына жоспарланған.
Қонақ үй кешенінің іргетасын қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа нысанның салынуы өңірде туризмнің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
«Қысқа мерзім ішінде Мақаншы ауданына үшінші рет келіп отырмын. Өйткені, өздеріңіз жақсы білесіздер, Мақаншының тұрған жері логистикалық тұрғыдан өте қолайлы. Біздің облысымыздың қақпасы, Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Бақты кеден бекеті бар. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек.
Салынатын қонақ үй кешені Мақаншы ауданының дамуына үлкен серпін беретіні сөзсіз. Бұл – өңірге құйылып отырған ауқымды инвестиция. Оны дұрыс, тиімді пайдалансақ, ауданның өсіп-өркендеуіне, туризмнің дамуына үлкен көмек болмақ. Бұл тек Мақаншы үшін ғана емес, Үржар, Таскескен, Аягөз аудандарына келетін туристер үшін де тиімді болары анық. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалаймыз. Жергілікті әкімдік тарапынан барлық қолдауды көрсетеміз" деді аймақ басшысы.