Гарвард университетінің зерттеушілері жалғыздықтың денсаулыққа аса қауіпті екенін анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдардың соңғы зерттеу нәтижелері бойынша, мазмұнды әлеуметтік қарым-қатынас адамның денсаулығын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын арттырады деген пікірге келді.
Гарвард медициналық мектебінің психиатры әрі психоаналитигі Роберт Волдингердің айтуынша, денсаулық пен бақыттың негізгі формуласы – басқалармен жақсы қарым-қатынас орнату. Әлеуметтік байланыстар ұзақ мерзімді күйзелістің кері әсеріне қарсы тұруға көмектеседі.
Волдингердің ескертуінше, егер адам өзін үнемі жалғыз сезініп, қоғамнан оқшауланса, бұл семіздікпен немесе күніне жарты қорап темекі тартумен тең қауіп төндіреді. Оның айтуынша, әлеуметтік дағдылар бұлшықет секілді: егер қолданбасаңыз, олар да әлсіреп, «атрофияға» ұшырайды.
Ғалымдар нақты ережелер бермейді, бірақ бір нәрсені анық айтады: бұл жерде достар саны емес, қарым-қатынастың сапасы маңызды. Егер сіздің күнделікті сөйлесетін бірнеше шынайы досыңыз болса – бұл өздігінен психологиялық «дәрі» іспеттес және өміріңізді ұзартуы мүмкін.
Зерттеушілер жалғыздық пен оқшауланудан аулақ болуға кеңес береді. Олар белсенді әлеуметтік өмірдің психикалық саулыққа да жағымды әсер ететінін атап өтті. Бұл — тіпті көршілермен немесе дүкендегі сатушылармен араласу секілді ұсақ қарым-қатынастарды да қамтиды.
Бұған дейін Жапонияда 76 мың адам жалғыздықта көз жұмғаны туралы жазған едік.