"Қазақмыс" корпорациясы Қарағандыда тау-кен металлургия саласына оңтайлы шешім әзірлеуге және қолданысқа енгізуге арналған алаң – R& D-орталығын іске қосты. Ол "КазГидроМедь" компаниясының базасында құрылды.
Орталықтың тұсаукесеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ ірі тау-кен өндіруші компаниялар мен зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Қонақтарға минералогия, химиялық талдау, гидрометаллургия зертханалары, сондай-ақ шағын байыту фабрикасы таныстырылды. Орталық кен мен өндірістік қалдықтың физико-химиялық қасиетін терең зерттеуге мүмкіндік беретін, Қазақстанда сирек кездесетін құралдармен жабдықталған.
ҚР Өнеркәсіп министрлігінің өкілдері орталықтың қызметін кеңейту бастамасын көтеріп, полиметалл мен сирек кездесетін жер элементтерін зерттеуді ұсынды. "Қазақмыс" алаңды жаңа бастамаларды дамытуға арналған салааралық ғылыми-технологиялық хаб ретінде жетілдіруге дайын екенін мәлімдеді.
Идея қалай туды?
R&D-хаб "Қазақмыс" компаниясы мен Ғылым министрлігі бірлесіп өткізген хакатон сериясының жалғасы ретінде құрылды.
Алғашқы хакатон Жезқазғанда ұйымдастырылды, ал 2024 жылғы қарашада орталықтың тұжырымдамасы Премьер-министрдің қатысуымен өткен Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысында таныстырылып, мақұлданды.
2025 жылғы ақпанда Қарағандыда өткен екінші хакатонда мыс кенін сілтісіздендіру технологиясы талқыланды. Наурыз айында "КазГидроМедь" алаңында болашақ орталықтың техникалық таныстырылымы өткізілді.
Орталық немен айналысады?
Басымдық берілген бағыттар: жер астында және жер үстінде сілтісіздендіру технологиясы, өндіру мен өңдеуді оңтайландыру, кенеусіз кен мен қалдықтан металл алу, экологиялық шешімдер және цифрландыру.
Орталық хакатонда іріктелген идеяларды қолданбалы зерттеуге, сынақтан өткізуге және жаңа өндірістік шешім енгізуге арналған алаңға айналады. Негізгі бағыттардың бірі ретінде металл алу тиімділігін арттыруға және халықаралық серіктес тартуға басымдық беріледі.
"Қазақмыс" Қазақстанның тау-кен өндіруші компаниялары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарын жобаға қосылуға шақырады. Орталық бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Ол кенді сілтісіздендіру мен өңдеу саласына технология әзірлеу мен енгізу шарасында басты платформаға айналуы мүмкін.