Электр энергетикасы саласына жүргізілген аудит қорытындысы бойынша 16 адам тәртіптік жауаптылыққа тартылған, деп хабарлайды Жоғары аудиторлық палатаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Аудит осы жылдың бірінші жартысында жүргізілген. Іс-шара нәтижесінде 66 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 2,2 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны, 104,8 млрд теңге бюджет қаражаты мен активтердің тиімсіз пайдаланылғаны, сондай-ақ 72 рәсімдік бұзушылық пен 35 жүйелі кемшілік анықталған.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата аудит объектілеріне ҚР заңнамасы мен ішкі нормативтік құжаттардың талаптарын бұзған қызметкерлердің жауаптылығын қарауды тапсырған.
Нәтижесінде 16 адам тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Олар:
- ҚР Энергетика министрлігі: департамент директоры;
- "Самұрық-Энерго" АҚ: Eneymentau Wind power ЖШС-ның бас директоры;
- "Электр энергиясы және қуаты нарығының қазақстандық операторы" АҚ: қаржы жөніндегі басқарушы директор – басқарма мүшесі, цифрлық қамтамасыз ету департаментінің директоры;
- "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп айырысу-қаржы орталығы" ЖШС: бас директордың орынбасары, қаржы департаментінің бухгалтерлік және салықтық есеп бөлімінің бастығы, әкімшілік департаментінің директоры, электр энергиясы нарығы департаментінің энергия өндіруші ұйымдармен жұмыс бөлімінің бастығы, заң департаментінің директоры;
- "Алматы электр станциялары" АҚ: пайдалану және жөндеу департаменті мердігерлік жұмыстар басқармасының бастығы, диспетчерлік басқарманың бастығы, даму және құрылыс жөніндегі басқарушы директордың м.а., экономика басқармасының тарифтер бөлімінің бастығы.
Сонымен қатар "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС-ның кейбір басшылық қызметтегі жұмыскерлерімен еңбек шарттары тоқтатылған.