Түркияның бірнеше аймағында орман өрті басылмай тұр. Қатты жел мен аптап ыстықтың кесірінен жылдам жайылған қызыл жалын елді мекендерге де жетіп, үйлер мен көліктерді күлге айналдырды. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Түркияның Измир, Хатай, Маниса және Спарта өңірлерінде орман өрті әлі де дес бермей тұр. 3 күн ішінде ондаған ауыл мен шағын ауданда тұрғын үйлер мен қора-қопсы күлге айналды.
40-тан аса елді мекеннен 50 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бір жақсысы адам шығыны жоқ. 3 күнде 350-ден аса нүктеде өрт шыққан. Қазір олардың басым бөлігі сөндірілді. Тек 7 жерде ірі орман өрті басылмай тұр, деп жазады qazaqstan.tv.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығу себебі көбінесе тұрғындардың жауапсыздығынан. Салаға жауапты министрдің сөзінше, өрттің басым бөлігі көлік терезесінен лақтырылған темекі тұқылынан шығып жатыр.
Қазір орман өртін ерте анықтау жұмыстарына Түркия Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшатын аппараттары мен тікұшақтары да жұмылдырылды.
Барлық арнайы қызме қыркүйек айына дейін күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Ал үйі өртеніп кеткен әр отбасына ел билігі 162 мың лирадан, яғни екі миллион теңгеден аса көмек қаражат бермек.