2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда банк шоттары мен жинақтары бойынша есептілікті ұсынудың жаңа нысандары, мерзімдері мен ережелері күшіне енді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық банктің қаржы нарығы статистикасы департаментінің бас маманы Елнұр Алтынбековтің айтуынша, бұл жаңашылдықтың мақсаты – банк шоттары мен жинақтары бойынша бірыңғай дерекқор құру.

Оның сөзінше, мұндай жүйе:

  • статистикалық және талдамалық деректердің сапасын арттыруға,
  • қаржы секторындағы өзгерістерге жедел әрекет етуге,
  • цифрлық шешімдерді дамытуға,
  • сондай-ақ депозиттерді кепілдендіру жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Алтынбеков бұл жаңашылдық тек есептілікке қатысты екенін және банк клиенттерінен ешқандай қосымша әрекет талап етілмейтінін атап өтті. Деректерді жинау және өңдеу тәртібі өзгеріссіз қалады.

"Жеке тұлғалар туралы ақпарат ешқандай дербес деректерді ашпай беріледі. Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары есептілікті банк құпиясы мен жеке деректерді қорғау туралы заң аясында ғана тапсырады", – деді Ұлттық банк өкілі.

Есептілікті екінші деңгейлі банктер, Қазақстанның Даму Банкі және ұлттық пошта операторы тапсырады.

Бұған дейін Отбасы банк салымшыларының депозиттері енді есептен шығаруға және бұғаттауға жатпайтындығын жазғанбыз.