Бұл шара туристердің көп болуына байланысты қолға алынды .
Алакөл өңірінде туристік маусымның қызу кезеңінде демалушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында медициналық қызмет күшейтілді, деп мәлімдеді Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдинов.
Туристер санының жыл сайын артуына байланысты Ақши ауылдық амбулаториясы базасында тәулік бойы бір медициналық бригада үздіксіз кезекшілік атқаруда.
"Аймақ екі жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етілген. Оның бірі – облыстық 103 жедел жәрдем қызметіне, ал екіншісі – аудандық орталық ауруханаға тиесілі. Бүгінде Алакөл ауданында 38 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Олардың қарамағында 260 төсек-орын, 135 дәрігер және 575 орта буынды медицина қызметкері тұрғындар мен туристерге қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, медициналық мекемелер дәрі-дәрмекпен 100 пайыз қамтамасыз етілген", – деп түсіндірді Алмас Әбдинов.
Оқи отырыңыз: 19 млрд теңге бөлінген: Алакөл жағалауын нығайту және серуен аймағын құру жобасы қашан іске асады
Аудан басшысының айтуынша, соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау саласына қомақты қаражат бөлініп, медициналық инфрақұрылым біршама жақсарған.
"Бүгінгі күнге дейін аудан аумағында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пен 7 дәрігерлік амбулатория (БМК) орнатылып, 11 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді", – деп қосты әкім.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар туристерге қауіпсіз әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алакөл туризмінің дамуы коммуналдық мәселелерді күшейтті. Экологиялық қауіпсіздік мәселесі қашан шешіледі