Өзін медиа менеджер ретінде таныстыратын блогер Жанәділ Райымбеков ер массажистке баратын әйелдер туралы сөз қозғады.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Блогер желідегі парақшасында видео жариялап, ер адамдарға ескерту жасады.

”Менің массажист танысым бар. Әйелдерін еркек массажисттерге жіберетін еркектерді адам ретінде санамаймын дейді. Өйткені, өзім массаж үстелінің үстінде талай әйелдің дәмін көрдім. Ойлаңызшы, егер, еркектің қолы әйелдің үстіне тисе, немесе әйелдің қолы еркектің үстіне тисе, одан ол ештене сезбейтін болса, онда ол — ауру. Тіпті кейбір мазхабтарда еркектің қолы әйелге тиіп кетсе, дәреті бұзылады деп айтады. Неге? Өйткені сау еркектің психологиясы осындай болу керек. Шариғат бәрінің шекарасын белгілеп қойған. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген сияқты жігіттің қытығы кеткеннің себебінен әйелдер осындай ұятсыздықтарға барып жатыр. Ер азаматтардың қытығы жоқ, әлсіз. Әйелін еркек массажистке жіберу деген сөз әйелін бөтен еркектің астына салып беру деп ойлаймын”, — дейді ол.

Сондай-ақ ол ерлер қауымын рухы болуға шақырды.

“Ұятты жерінің төңірегін жауып тұрғаны болмаса киімі бар деуге келмейтін қарындастың, әйгілі болам деп әуретін ашқан қыздың, танымалдылық үшін тұрпайы әңгіме айтатын бағдарламалардың шығуына да еркектер, мына біз кінәліміз.

Қытығы кеткен жігіт қызтекелер қаптайтын қоғамның алғашқы баспалдағында тұр десем артық емес.

Айғырдың мықтылығы жүз жылқыны жөңге салып, бөтен үйірдің бестісін тістелеп, жолатпай қызғанып, қасқырдың арланына да алдырмай, өлімге басын тіккенімен бағаланады. Ал жігіттің мықтылығы ең әуелі қосағы мен қарындасын қызғануымен, қорғап, қамқор болуымен өлшенуі тиіс.

“Ер адамның діні мен қызғанышының деңгейі әйелінің киімінен білінеді”,-деген екен ғұламалар. Егер ер адам қабырғасын қызғанып, басқарып, қадағалап, ол үшін шешім шығаратын болса, әйел ондай еркекті сүйе түседі екен. Себебі әйелдің жаратылысы сол. Сүйенбесе гүлдемейтін, ал арқа тіреп, күш жігер сезінсе жайқала түсетін шырмауық гүл сияқты.

Хадисте Саxаба Сағд ибн Ғұбада: «Егер әйелімнің қасынан (бөгде) еркекті көретін болсам, ол (еркекті) …ұрар едім»,—дегенде, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер Сағдтың қызғаншақтығына таңырқап тұрсыңдар ма? Расында, мен одан да қызғаншақпын, ал Аллаһ менен асқан қызған­шақ»,—деген екен. (Буxари)

Айтпағым еркектің қызғанышынан қақпақ кеткенде әйелден ұят кетеді. Жігіттер руxты болыңдаршы”, — деп жазды ол.