Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына демалыс күнгі жәрмеңкелерде азық-түлікті тиімді бағамен сатып алуға болатынын еске салды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әкімдік ақпаратынша, жәрмеңкелерде барлығы 1000-нан астам тауар түрі ұсынылған.
"Жыл басынан бері қаланың бес ауданында 210-нан астам жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңке апта сайын, сенбі және жексенбі күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Орташа алғанда демалыс күндері Алматы мен Алматы облысының 328 фермерлері мен ауыл шаруашылығы өндірушілерінен келетін 800 тоннадан астам өнім сатылады",- делінген ақпаратта.
Жәрмеңкелер өтетін орындар:
- Алмалы ауданы: Масанчи көшесі, Гоголь көшесі мен Әйтеке би көшесі арасында.
- Бостандық ауданы: Қазақфильм ш/а, Исиналиев көшесі.
- Әуезов ауданы: Өтеген батыр көшесі – Абай даңғылының төмен жағы.
- Медеу ауданы: Меңдіқұлов бульвары – Бектұров көшесінің қиылысы.
- Алатау ауданы: "Мәдениет" ТҮК.
Сондай-ақ, ведомство жыл басынан бері Алматы тұрғындары мен қонақтары демалыс күнгі жәрмеңкелерде 22 800 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін сатып алғанын жазды.
Оның ішінде:
- 11,5 мың тоннаға жуық көкөністер мен жемістер,
- 7,3 мың тоннадан астам ет және ет өнімдері,
- 2 мың тоннадан астам сүт өнімдері,
- 1,8 мың тонна бакалея және маринадталған қияр.
"Демалыс күнгі жәрмеңкелері отандық өндірушілерді қолдауға, халықтың қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік тауарларын алуына, сондай-ақ қаланың сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Өнім тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындардан делдалдардың қатысуынсыз келіп түседі, бұл бағаны нарық деңгейінен төмендетеді. Жәрмеңкелерді "Алматы "Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ("Алматы" ӘКК) ұйымдастырады",- деп түйіндеді әкімдік.
Бұған дейін электрондық форматтағы ҰБТ өткізу мерзімдері белгіленгенін жазғанбыз.