Дональд Трамп жұмысшы мигранттарға АҚШ-та қалуға рұқсат беруге дайын. Бірақ олар үшін америкалық шаруалар кепілдік беруі керек, деп хабарлайды 24.kz.

Ақ үй басшысы бұл туралы Айова штатындағы жиында айтты. Қазір Трамп әкімшілігі Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірге ауыл шаруашылығы мен қонақүй бизнесіндегі жұмысшылар тапшылығын шешуге арналған заң жобасын әзірлеп жатыр.

АҚШ-тың Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша елдің ауыл шаруашылығы саласындағы 10 жұмысшының жетеуі шетелде туған.

"Егер шаруа өзі жұмысқа алған мигранттар үшін жауапкершілік ала білсе, оларды қалдыруға болады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы саласының ұпайы түгел болуға тиіс. Осыған байланысты заңнамаға өзгерістер енгізгелі жатырмыз. Қонақүй және демалыс бизнесі бойынша шаруалар және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеу керек", — дейді Дональд Трамп.