ТЖМ құтқарушылары тауда жарақат алған туристке көмек көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Құтқарушыларға теңіз деңгейінен 3200 м биіктіктен Фурманов шыңынан түсу кезінде 1989 ж.т. ер адам аяғынан жарақат алып, өздігінен таудан түсе алмай жатқандығы туралы хабар түсті.
Көмек көрсету үшін ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы дереу шықты.
Қимасар шатқалы ауданына келген құтқарушылар қараңғы уақытта күрделі тау бедерімен көтеріле бастады. Көру мүмкіндігі шектеулі, тік беткейлер мен тасты жерлерге қарамастан РЖҚЖ құтқарушылары зардап шегушіге тез арада жетті.
Ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, содан кейін құтқарушылар оны төмен қарай тасымалдай бастады. Құтқарушылардың үйлесімді жұмыстардың арқасында ер адам таудан түсірілді.