Президентке үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары көрсетілді .
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегінің қызметімен танысты, деп хабарлайды Ақорда.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек президентке қаланың энергетикалық инфрақұрылымының даму барысы туралы есеп берді. Бүгінде үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін, қосымша қуаты сағатына 1100 Гкал болатын "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Биыл "Тұран" стансасының екінші кезегін толығымен аяқтау, сонымен қатар "Телман" стансасы мен екінші ЖЭО-ны кеңейту және "Оңтүстік-Батыс" газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр. Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру 2035 жылға дейін жоспарланған қосымша жылу энергиясын алуға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары көрсетілді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің президентін қабылдады
Мемлекет басшысына үшінші ЖЭО-ның табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді. Қазіргі уақытта үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Президент Астананың энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.