Президент елордадағы үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегінің қызметімен танысты, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек президентке қаланың энергетикалық инфрақұрылымының даму барысы туралы есеп берді.

Бүгінде үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін, қосымша қуаты сағатына 1100 Гкал болатын "Тұран" және "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған.

Тоқаев ЖЭО жұмысымен танысты. Фото: Ақорда

Биыл "Тұран" стансасының екінші кезегін толығымен аяқтау, сондай-ақ "Телман" стансасы мен екінші ЖЭО-ны кеңейту және "Оңтүстік-Батыс" газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр. Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру 2035 жылға дейін жоспарланған қосымша жылу энергиясын алуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа үшінші ЖЭО-ның екінші кезегі аясында бу-газ қондырғысын орнату жоспары көрсетілді.

Тоқаев
Тоқаев ЖЭО жұмысымен танысты. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысына үшінші ЖЭО-ның табиғи газбен жұмыс істеп, ең жоғары қуаты сағатына 440 Гкал өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл жылу энергиясы шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінің сұранысын өтейді.

Қазіргі уақытта үшінші ЖЭО-ның алғашқы кезегін қосымша отын қорымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

️Президент Астананың энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз