Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қайырымды ісі мен имандылықтың жарқын үлгісін көрсеткен павлодарлық ақсақал Сағадат Жұмабаевқа шынайы алғысын білдіріп, қажылыққа жолдама сыйлады. Бұл туралы мүфтияттың ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

ҚМДБ төрағасының тапсырмасымен Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы мүфтият атынан берілген қажылық сапарының жолдама сертификатын Сағадат ақсақалға арнайы барып тапсырған.

Айта кетейік, Сағадат Жұмабаев Павлодар қаласындағы қарттар үйінде 13 жылдан бері тұрып келеді. Туыстары болмағанына қарамастан, ол өмір бойы қажылыққа деп жинаған қаржысын сырқат баласы бар аналарға таратып берген еді.

Қария 3 600 000 теңгені 30 анаға бөліп, әрқайсысына 120 000 теңгеден көмек көрсеткен.

Павлодар облысының бас имамы ақсақал Сағадат Жұмабаевқа алғыс хат табыстауда. Фото: muftyat.kz

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз