Алматы облысында 10 жасар баланы иттен арашалап қалған Серікбек Сақайбаев марапатталды, деп хабарлайды Қарасай ауданының әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің мәліметінше, 30 маусымда Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар балаға ит шабуыл жасап, ол ауыр жарақат алған.
Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері келгенше, сол жерде болған ауыл тұрғыны Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпке қарамастан, баланы арашалап, аман алып қалған.
Серікбек Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылған.
Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстаған.
Сонымен қатар аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырған.
Қарасай ауданы әкімдігі зардап шеккен балаға тезірек сауығып кетуін тілеп, бұл істі толығымен бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз