Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылындағы жанар-жағармай бекетінде жарылыстан кейін шыққан өрттен зардап шеккен жанармай тасушы көлік жүргізушісінің хәлі әлі де ауыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, жарылыс болған жанар-жағармай бекеті мен өрт шарпыған оның айналасындағы ғимараттардың күл талқаны шыққан. Ал тұрғындар мең-зең күйде жүр. Мамандар қазір жарылыстың неден болғанын анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Оқиға 7 шілде күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылындағы жанар-жағармай бекетінде болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жанармай тасымалдайтын көліктен бензин құю кезінде газ жарылып, артынша өрт шыққан.
Лап берген жалыннан ауыл тұрғындары шошып қалған. Олардың айтуынша, өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірге ауыл тұрғындары да атсалысқан.
"Мен үйде отырғанмын ол кезде. Кәдімгі "пах" деген дауыс шықты. Мен біреу мылтық атты ма деп ойладым. Бірақ даусы қатты шықты оның. Үйде отырғанмын, кейін бір қарасам аспаннан қара түтін пайда бола бастады. Сөйтіп сыртқа шықтым. Сыртқа шықсам, көршімнің баласы шауып үйіне келді. Сұрасам, жанар-жағармай бекеті өртенді деді. Келсек — қара түтін. Ол кезде мына үйлерге онша өтпеген еді. Кейін өтіп кетті ғой. Үйге, бер жағындағы дүкендерге өтіп кетті. Обал болды ғой, қанша адамға зиянын тигізіп отыр ғой". Тұрбат ауылының тұрғыны Абай Мошқалов,
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті жарылыс кезінде 29 жастағы жанармай тасушы көліктің жүргізушісі күйіп қалғанын хабарлаған еді. Дәрігерлердің айтуынша, ол Шымкент тұрғыны. Жағдайы әлі де ауыр.
"Науқас 7 шілде сағат 16:41-де жансақтау бөліміне түсті. Күйік жарақатын алған. Түскен кезде барлығы хаттамаға сәйкес жүргізілді. Керек дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп жатыр. Қазіргі жағдайы өте ауыр. Себебі күйік жарақаты — 70 пайыз. Ол өте ауыр болып есептеледі. Бұл науқасқа санавиация желісімен Шымкент қаласынан реаниматолог мамандары келіп, кеңес алынды". Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Махмұт Тәшімбетов
Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, өрттің жалпы ауданы — 855 шаршы метр.
Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің "Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру" бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі мен зерттеу өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеген. Өртті сөндіруге облыс және Шымкент төтенше жағдайлар департаментінің қырықтан аса қызметкері тартылған.