Бүгін, 2025 жылдың 11 шілдесінде Алматы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі маңызды мәлімдеме мен ескерту жасады. Тәртіп сақшылары халықаралық жүргізуші куәліктерін қайдан және қалай алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Халықаралық жүргізуші куәлігі (ХЖК) – жүргізушінің шетелде көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат болып табылады. Бұл құжат 1968 жылғы 8 қарашадағы Жол қозғалысы туралы Вена конвенциясына қол қойған 180-нен астам елде мойындалады.
Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция Басқармасының процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының "Ішкі істер органдары туралы" Заңының 6-бабына сәйкес, жүргізуші куәліктерін, оның ішінде халықаралық куәліктерді беру ішкі істер органдарының айрықша құзыретіне жатады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді.
Азаматтардың күмәнді онлайн-сайттар немесе жеке фирмалар арқылы куәлік рәсімдеуге берген өтініштері заңды күшке ие емес.
ХЖК ұлттық жүргізуші куәлігінің орнын баспайды, тек оның ресми аудармасы болып табылады. Құжат қажет болуы мүмкін:
- шетелде автокөлікті жалға алу кезінде;
- жеке автокөлікпен шекарадан өту кезінде;
- жолдағы тексеру барысында құжаттарды көрсету кезінде;
- шетелде сақтандыру рәсімдеу кезінде.
Халықаралық жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру немесе оқудан өту талап етілмейді.
Алматы қалалық полиция Департаменті, азаматтарды сақ болуға және алаяқ делдалдардың арбауына түспеуге шақырады.
Күмән туындаған жағдайда азаматтарға аумақтық ішкі істер органдарына жүгініп, толық ақпарат алуға кеңес беріледі. Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі