Қызылорданың көпқабатты үйлерінде қандала мен бүрге қаптады, деп хабарлайды 24kz.

Тұрғындардың айтуынша, зиянкестер жаздың басында пайда болған. Қансорғыш жәндіктердің көбейгенін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары да растап отыр.

Ақмешіт шағынауданындағы 5-үйдің тұрғындары жаз шыққалы бүргемен күресіп әлек.

"Кіреберісте бар. Жертөледе бар. Үйдің ішінде де бар. Түнде ұйықтай алмаймыз. Күндіз қасынып отырамыз. Үстімізде бірдеңе кетіп бара жатқандай болып жыбырлай береді", "Шынымды айтайын, өте қорқынышты. Егер бүрге деген пәтерге бір кірсе, одан құтылу қиын екен", "Көрші үйде де дәл осындай жағдай. Бірақ мұнда бүрге емес, қандала қаптаған. Тұрғындар бірігіп зиянкеске қарсы улау жұмыстарын жүргізгенімен, нәтиже жоқ", "100 мың жинап, дезинфекция жасайтын адамдарды шақырдық. Олар келіп 5-қабаттан 1-қабатқа дейін, жертөлеге дейін, даланың бәрін улап берді. Бірақ бір рет қана улағаннан ешқандай нәтиже беріп жатқан жоқ", "Бір дезинфекциядан кетпейтіні белгілі ғой. Тағы да бір үкіметтің тарапынан көмек болса жақсы болар еді. КСК-ға ақша төлеп жатырмыз дегендей.

Шағынаудандағы бұл үйлерге сәуір айынан бері Оrda kz сервис серіктесі қызмет көрсетеді. Бірақ компания өкілдері "аталған үйден бізге шағым түскен жоқ" дейді.

"Лицензиясы бар мекемемен келісімшартқа отыру негізінде біз қаладағы көпқабатты үйлерді күтіп ұстау үшін кіреберіс пен шатырды дезинфекция жасаймыз. 1 маусымнан осы жұмысты бастадық. Ақмешіт 5-үйдің тұрғындары тарапынан бізге тапсырыс түскен жоқ", — дейді "Оrda kz сервис" ЖШС өкілі Ғалымжан Далабаев.

Қансорғыш жәндіктердің қаланың өзге аудандарында да көбейгенін санитарлық дәрігерлер де растап отыр. Тұрғындардан түсетін шағым көбейген.

"3 айдың ішінде 24 өтініш келіп түсті. Әсіресе осы төсек қандаласы адаммен, адамның заттары, киім-кешегімен көшіп жүре береді. Залалсыздандыру жұмыстарын барлық пәтерге жасаған дұрыс негізі. Өйткені залалсыздандыру жұмысы жүргізілгеннен кейін екінші пәтерге көшуі мүмкін", — дейді "Ұлттық сараптама орталығы" РМК облыстық филиалының бөлім басшысы Ақжарқын Сыздық.

Төсек қандаласы мен бүрге аллергия тудыруы мүмкін. Бүргенің кей түрлері қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдайды. Сондықтан мамандар өте сақ болуға шақырады. Зиянкестер пайда болған жағдайда бірден пәтер иелері кооперативтеріне хабар беріп, дезинцекция жүргізу керек.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Райхан Тажибаева, Акан Алиев

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз