Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкіметтік делегация құрамын бастап, Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөл көлінің курорттық аймағына барды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бастаған Үкімет делегациясы құрамында Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөл көлінің курортты өңіріне барды.
Жұмыс сапарының мақсаты – инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі мен демалыс жағдайын бағалау, сондай-ақ туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қадағалау. Көлдің екі жағалауына да тексеріс жұмыстары жүргізіліп, жергілікті атқарушы органдар және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті.
Тексеру барысында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Атап айтқанда, кейбір жағажайларда санитариялық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, арнайы белгілер мен қоршаулар жоқ; су көліктеріне бақылау жеткіліксіз; құтқару мұнаралары мен ақпараттық құралдар тапшы. Қауіпсіздікке қойылатын негізгі талаптар сақталмай отыр.
"Туристік қызметтердің сапасын арттыру – саланы дамытудың басты міндеттерінің бірі. Туристер ағынының артуына қарамастан, бірқатар курортты өңірде қызмет көрсету деңгейі заман талаптарына сай келмейді. Министрлік "Туристік қызмет туралы" Заңға міндетті стандарттар енгізу, өкілеттіктерді кеңейту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған түзетулер әзірлеуде. Бұл қауіпсіздік, жайлылық пен жоғары деңгейдегі қызметті жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз – отандық туристердің демалысын сапалы әрі қауіпсіз ету", – деді Ербол Мырзабосынов.
Тексеру нәтижесі бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді:
- Жағажай аумағындағы санитариялық жабдықтауды күшейту;
- Қосымша қоқыс контейнерлерін сатып алу;
- Қауіпсіз шомылу аймақтарын нақты белгілеп, арнайы белгілер желісін ұзарту;
- Киім ауыстыратын орындар, душ кабиналары және басқа да абаттандыру элементтерін орнату мүмкіндігін қарастыру;
- Белсенді демалыс аймақтарын ұйымдастырып, көлеңке тенттер орнату;
- Құтқару мұнаралары мен суға қауіпсіз кіруге арналған баспалдақтар санын көбейту;
- Жағажай аумағына ақпараттық стендтер мен сызбалы карталар орнату.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға нақты мерзім белгіленді. Министрлік бұл тапсырмалардың орындалуын қайта тексеруді жоспарлап отыр. Туристік демалыстың сапасы мен қауіпсіздігі – Үкімет пен министрліктің ұдайы бақылауында.
Бұған дейін Мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аудартқанын жазғанбыз.