Режиссёр , сценарист Мұрат Есжан Qogam dauysy подкастында қазақ тіліндегі субтитр сапасының сын көтермейтінін айтып, бұл мәселенің салғырт қаралып жатқанын сынға алды
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мұрат Есжанның айтуынша, қазіргі сериалдар мен фильмдерде тіл мәселесі мүлде назардан тыс қалып отыр. Оның пікірінше, кинотеатрда қазақша субтитрді оқып отырып, ұялатын жағдайлар жиі кездеседі. Себебі аударма шала, сауатсыз, мектептегі білім деңгейіндегі адам аудара салғандай әсер қалдырады.
— Бұл жерде әркім өз білгенінше істей берсін деп айта алмайсың ғой. Осы мәселені айтсаң, бірден “қазақша сөйлешник” болып шығасың. Олай болмауы керек қой, — дейді ол.
Режиссёр қазақша субтитрдің қазіргі таңда тек заң талабын орындау үшін жасалатынын, шынайы қажеттілік пен құрмет жоқ екенін атап өтті.
— Оны жасап жатқан адамдардың өзі “Әй, әйтеуір тұр ма, тұр” деп қарайды. Ал мен қазақша субтитр болмаса, фильмді мүлде түсінбейтін адамдарды білемін, — дейді Мұрат Есжан.